№3 (2012)
Бүгінгі күн:

20 - Маусым, 2013 жыл. Бейсенбі.

Әрқашан күн сөнбесін… | Қазақстан патриоты – Оқушылар мен жасөспірімдерге арналған республикалық әскери-патриоттық журнал – www.kaz-patriot.kz

Әрқашан күн сөнбесін…

Әрқашан күн сөнбесін...

 Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Төле би атындағы орта мектепте отаншылдық тақырыбы басты назарда. Ағылшын тілінің маманы болсам да туған еліміз туралы және  ұлтымыздың рухани құндылықтарын өз сабағымда үнемі насихаттап отырамын. Жуырда  5 «Б» сыныбында ашық сабақ өткіздім. Оған мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты. Сабақта қазақ ұлтымен қатар Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің өзара тату бірлігін нығайту, халықаралық тілдерді білуге, соның ішінде ағылшын тілін оқып-үйренуге оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілген ашық тәрбие сағаты қызықты әрі тартысты өтті.

Мынау жұмыр ғаламда қаншама ұлттар мен ұлыстар өмір сүрсе, олардың әрқайсысының өзіндік шекарасы, туы, елтаңбасы, тілі мен діні, әдет-ғұрпы сияқты ұлттық қасиеттері бар. «Отан оттан да ыстық» деген халық аузындағы мақалға сәйкес әр ұлттың перзенті өз Отанын аялауға, оны құрмет тұтуға міндетті. Негізінен, аталмыш мектепте басқа да пәндерден отаншылдық тақырыбында түрлі іс-шаралар мен ашық сабақтар жиі ұйымдастырылып тұрады. Осы бағытты мақсат еткен бұл сабақтың да барысы Қазақстан, Ресей, Түркия, Франция сияқты басқа да мемлекеттердің тілінде алдын ала дайындалған тапсырмалар бойынша өрбіді. Осы елдерден елімізге арнайы келген қонақтар кейпіндегі оқушылар әр елдің ерекшелігі мен құндылығын сол елдердің мемлекеттік тілінде айтып, өз қоржынындағы тапсырмаларды оқушыларға жасырып, өлең оқып, ән салды. Бұл бөлімде  өз Отанын шексіз сүю, оған бар махаббатын арнау, тілге деген құрметті жоғалтпау қажеттігіне мән берілді.

Сонымен қатар балалар әлемдегі тығыз орналасқан халық санымен ерекшеленетін Қытай мемлекеті туралы, дүниежүзіне танымал  Айшаварья Рай, Шакрух Кхан сияқты актерлар өмірге келген Үнді елі жайлы көптеген мағлұматтардан хабардар болды.

Қазақстан мемлекетінің өкілі рөліндегі Ешімбетова Жанар қазақтың ардақты ақыны Қасым Аманжоловтың «Туған жер» атты өлеңін нақышына келтіріп, мәнерлей оқыды. Сабақ барысында басқа да ұлттардың тілінде тақпақтар айтылып, әндер орындалды. Сабақтың соңы оқушылардың орындауындағы «Әрқашан күн сөнбесін» әнімен қорытындыланды.

 

Эльвира Омарбаева,

ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

Пікір жазу